БҰҰ Бас Ассамблеясының қырық бесінші сессиясының ұсынымы бойынша Халықаралық қарттар күнін дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қазан айының екiншi жексенбiсi Қазақстан Республикасының Мүгедектер күнi болып белгіленді.

Бұл күндері Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тылда еңбек еткен, жас ұрпақты тәрбиелеуге ат салысқан алдыңғы толқын әкелеріміз бен аналарымызды, үлкен ағаларымыз бен апаларымызды олардың көрсеткен ерлігі, қайсарлығы, мемлекетімізді дамытуға сіңірген еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз.

Халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына жататын азаматтарға қамқорлық көрсету, олардың жағдайларына көңіл бөлу мақсатында 2018 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығын өткізу туралы ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде №229  Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданды.

Қазір облыс бойынша барлығы 92 Ұлы Отан соғысы  ардагерлері және  1398 оларға теңестірілгендер,  87791 зейнеткер,  23684 мүмкүндігі шектеулі адамдар бар.

Осыған байланысты барлық аудандар мен Орал қаласында осы күндерге арналған қайырымдылық акцияларын өткізу, меншік нысанына қарамастан облыстың кәсіпорындарын аталған акцияға қатысуға тарту, егде адамдарға материалдық көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында  салтанатты шаралар өткізу, кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланды.

Осы айда қарияларымызға ілтипат танытып, оларға қолдау мен қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға көмек қолын созатын қайырымды адамдар біздің өңірде де аз емес деп сенеміз!