БҰҰ Бас Ассамблеясының қырық бесінші сессиясының ұсынымы бойынша Халықаралық қарттар күнін дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қазан айының екiншi жексенбiсi Қазақстан Республикасының Мүгедектер күнi болып белгіленді.

Халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына жататын азаматтарға қамқорлық көрсету, олардың жағдайларына көңіл бөлу мақсатында 2017 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығын өткізу туралы ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде №243 Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданды.

Облыс бойынша барлығы 133 Ұлы Отан соғысы мүгедегі мен ардагері және  1422 оларға теңестірілгендер,  86960 зейнеткер, 2313 жалғызілікті қариялар,  23754 мүмкүндігі шектеулі жан, 8059 көпбала тәрбиелеп отырған отбасы бар.

2017 жылдың 3 қазан күні  Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның үлкен залында, Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  ұйымдастыруымен  «Мейірбандық күндері»  облыстық қайырымдылық айлығы аясында  «Қариялар күніне» арналған салтанатты шара өткізілді.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов қатысып құттықтады.  150 ардагерге сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік концерттік бағдарлама, қошемет көрсетілді.

Мереке күні Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тылда еңбек еткен, жас ұрпақты тәрбиелеуге ат салысқан алдыңғы толқын әкелермен аналарға,  көрсеткен ерлігі, қайсарлығы, мемлекетімізді дамытуға сіңірген еңбегі үшін алғыс ілтипат білдірілді.