2016 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақ Драма театрында «Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында «Еңбек күні» мерекесіне арналған облыстық форум өтті.

 

Еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылдың  22 қарашасында Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеяларының шеңберінде қыркүйектің соңғы жексенбісі - Еңбек күні болып жарияланды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының 2015 жылғы 30 қазандағы №8 өкімімен бекітілген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын ілгерілету жөнінде берілген «Еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы»  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылдың 13 шілдедегі № 610  бұйрығына сәйкес, облыс көлемінде «Еңбек күні» мерекесін іске асыру мақсатында өңірлік  «Еңбек жолы»  конкурсы ұйымдастырылған болатын. Форум барысында 3 номинация бойынша конкурс жеңімпаздары марапатталды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Жәнібек ауданының тұрғыны Хамит Сакунұлы Молдағалиевтің отбасы, «Өндірістің  жас жұмысшысы» - номинациясы бойынша Зеленов ауданының тұрғыны Денис Александрович Комаров және «Жұмыс жасайтын жастардың  үздік тәлімгері» - номинациясы бойынша Бөкейордасы ауданының тұрғыны Нәсіп Қанатқызы Нүркенова жеңімпаз болып танылып, облыс әкімінің дипломы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Соңымен қатар Орал қаласы бойынша да «Мамандығы бойынша үздік» сайысында 11 аталым бойынша жеңімпаздарының марапатталуы өтті. Оларға да қала әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табысталды.