Мүмкіндігі шектеулі 1-топ азаматы, кәсіпкер Біржан Қожақов жетекшілік ететін жиһаз цехы биылдан бастап балалардың церебралды сал (БЦР)  ауруына шалдыққан балаларға арналған жаңа құрылғыларды жасауға кіріскен болатын. Алғашқы легі дайын болған соң, 2016 жылдың 15 маусымында облыс, қала әкімі және бірқатар медициналық-әлеуметтік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктер және басқарма басшыларының қатысуымен «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінде болып, қайырымдылық жасауға бекінген кәсіпкердің қанатқақты жобасымен танысты.

Былтырғы қазан айында Астана қаласында өткен «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобасына» қатысып үлкен серпіліс алған «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, сол жиында елімізде БЦР-мен ауыратын балаларға арналған құрылғы шығаратын кәсіпорын жоқ екенін біліп, өзі қолға алды.

Ағымдағы жылы аталған кәсіпорын басшысы өз қолдарымен Орал қаласындағы «Шапағат балалардың күндіз болуына арналған және Зеленов ауданындағы Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелеріне, облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі мен Сырым аудандық «Нұр Шуағы» қоғамдық бірлестігіне жалпы саны 20-дан астам вертикализатор жасап тарту етті.