2016 жылдың 11 наурызында Ақжайық ауданының Чапаево ауылында «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті көрсету» тақырыбында облыстық семинар-кеңес болып өтті.

БҚО  бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жұмыспен қамту орталықтары директорларының басын қосқан  семинарда  жоба жөнінде алғашқы тәжірибелер ортаға салынды. Шараға қатысушылар алдында Ақжайық ауданының әкімі Әділ Тауфиықұлы Жоламанов сөз сөйледі.

БҚО  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы басшысының орынбасары Самат Нағымұлы Хангереев жан-жақты түсініктер берді. 2015 жыл бойынша  «Өрлеу» пилоттық жобасын  жүзеге асыру қорытындысы туралы Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  Т. Қайрекеев пен Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  О. Басимова, шартты ақшалай көмек (ШАҚ) бойынша айлық есепті жүргізу барысы туралы  Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің бас маманы А. Басимова, жобалық көмекшілер мен кеңесшілерді тарту жұмыстары және әлеуметтік келісімшарт құру жобасын түсіндіру бойынша Ақжайық  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің бас маманы М. Байбарақова, жобаны Алғабас ауылдық округінде (Ақжайық ауданы) жүзеге асыру тәжірибесі туралы оның әкімі Е. Есболсынов хабарламалар жасады.

Кеңінен пікіралысу болып, сұрақтарға жауап қайтарылды.

Шара барысында айтылғандай, өңірімізде «Өрлеуге» қатысты аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінің мамандары үшін оқыту семинарлары, т.б. шаралар үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Былтыр жергілікті бюджеттен тиісті қаражат айқындалып, Ақжайық ауданы бойынша 15 отбасыға (71 адамға) 2,8 млн. теңге, Бөрлі ауданы бойынша 16 отбасы (64 адамға) 2,4 млн. теңге төленді. Пилоттық аудандар бойынша ауылдық округтер әкімдерімен кеңес өткізілді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұсынысы бойынша жергілікті бюджет есебінен 2016 жылдың басынан бастап, облыстың қалған барлық ауданында «Өрлеу» енгізілуде. Облыс бойынша 2016 жылға  жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1225  адамға 61,9 млн.теңге бөлу жоспарлануда. Республикалық бюджеттен Ақжайық және Бөрлі аудандарына 23,4 млн.теңге қарастырылған.

Пилоттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау және қайта даярлауға, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бағдарламасы» арқылы белсенді шараларға тартатын болады.